ЖАСТАРДЫҢ ЖАРҚЫН ЖОБАСЫ
ЖАСТАРДЫҢ ЖАРҚЫН ЖОБАСЫ
DIGITAL AUYL: «Жастардың жаңа мүмкіндіктері» облыстық ауыл жастарының форумы аясында Мәдениет үйінде кең көлемді көрме ұйымдастырылды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы, сондай-ақ өңірдің әр ауданынан келген 100-ге жуық жас қатысты.
Көрменің негізгі мақсаты – ауыл жастарының шығармашылық әлеуетін, инновациялық бастамаларын және тың идеяларын қоғамға таныстыру. Осы мақсатта арнайы 10 шатыр тігіліп, жастардың қолөнер туындылары, ғылыми жобалары, экологиялық бастамалары мен кәсіпкерлік бағыттағы еңбектері көпшілік назарына ұсынылды.
Көрмеге келушілер ауыл жастарының қолынан шыққан ұлттық нақыштағы бұйымдармен, тұрмыстық заттармен, сәндік өнер туындыларымен танысты. Сонымен қатар, цифрлық технологияларды дамытуға бағытталған IT-жобалар, ауыл шаруашылығын заманауи тәсілдермен жүргізуге арналған инновациялық ұсыныстар да көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Іс-шара барысында жастар өз бастамаларын таныстырып қана қоймай, қонақтармен еркін пікір алмасып, тәжірибелі мамандардан кеңестер алды. Форум қатысушылары ауылдың әлеуметтік-мәдени дамуына үлес қосуға бағытталған бірқатар жаңа идеяларды ортаға салды.
Көрмеде ерекше көзге түскен жобалар қатарында экологияны сақтауға арналған стартаптар, спорт пен денсаулықты насихаттайтын бастамалар және ауыл туризмін дамытуға арналған ұсыныстар болды. Жастардың еңбектері өңір басшылары тарапынан жоғары бағаланып, олардың тың идеяларын жүзеге асыру үшін қолдау көрсетілетіні атап өтілді.
Бұл көрме – ауыл жастарының шығармашылық қуатын, еңбекқорлығын және жаңашылдыққа деген құлшынысын паш еткен бірегей алаң болды. Ол өз кезегінде жастардың әлеуетін арттыруға, ортақ бастамаларды дамытуға және болашақта жаңа жобаларды іске асыруға серпін бермек.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнайды
1
Қызықсыз
0
Керемет
3
Күлкілі
0
Ашулы
0
Қайғылы
0
Апыр-ай
0