ЖАМБЫЛ ЖАСТАРЫ ЕЛ РӘМІЗДЕРІНЕ АРНАЛҒАН КӨРКЕМ ТУЫНДЫЛАРЫН ҰСЫНДЫ
ЖАМБЫЛ ЖАСТАРЫ ЕЛ РӘМІЗДЕРІНЕ АРНАЛҒАН КӨРКЕМ ТУЫНДЫЛАРЫН ҰСЫНДЫ
Бүгін аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғимаратында 25 қазан – Республика күніне және ҚР мемлекеттік туының авторы, көрнекті суретші Шәкен Ниязбековтің туған күніне орай Жамбыл ауданының білім бөлімі, аудандық тарихи-өлкетану музейі және жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Рәміздер – рухымыздың шамшырағы» атты аудандық жас суретшілер байқауы өткізілді.
Бұл байқау – өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға тәрбиелеу, сондай-ақ жас дарындардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараға ауданның қоғамдық және мәдени өміріне белсене атсалысып жүрген азаматтар қатысты. Олардың қатарында «Көне Тараз» қоғамдық қорының төрағасы Мұратбек Азимов, аудандық мәслихат депутаты Нуриддин Бегманов, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Асқар Сырлыбаев, аудандық білім бөлімінің әдіскері Эльмира Түркменова, Жастар ресурстық орталығының директоры Жандар Тоқсаба бар. Қонақтар жас суретшілерге ізгі тілектерін білдіріп, олардың өнерге деген ынтасы мен еңбегіне жоғары баға берді.
Байқауға 13–14 және 15–16 жас ерекшелігі бойынша 35 оқушы қатысып, өз қиялынан туған көркем туындыларын ұсынды. Әрбір шығармада Отанға деген сүйіспеншілік, ел рәміздеріне құрмет пен мақтаныш сезімі көрініс тапты. Қатысушылар өздерінің шеберлігі мен сурет өнеріне деген қызығушылықтарын таныта білді.
Қазылар алқасы жас суретшілердің еңбектерін әділ бағалап, ең үздік жұмыстарды анықтады. Нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар, арнайы номинациялар, алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар табысталды.
Осындай шығармашылық шаралар жас буынды өнерге баулып қана қоймай, олардың туған елге деген сүйіспеншілігін арттырып, рухани дамуына зор ықпал етеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнайды
0
Қызықсыз
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Ашулы
0
Қайғылы
0
Апыр-ай
0